2026 жылғы 27 сәуірде Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) барлық мектептердің студенттерін біріктірген ауқымды «Студенттік көктем — 2026» студенттік фестивалі өтті.
Биыл фестиваль тақырыбы әлем чемпионатынан шабыт алып, спортты насихаттаумен қатар өзекті әлеуметтік мәселелерді өнер арқылы талқылауды қамтыды. Сәулет, дизайн, құрылыс және инженерия мектептерінің командалары театр, хореография, вокал және мультимедиялық шешімдерді біріктірген мюзикл форматындағы авторлық қойылымдарын ұсынды.
Әртүрлі елдердің образдары арқылы қатысушылар әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық, экология, кедейлік және әлеуметтік жіктелу сияқты маңызды қоғамдық тақырыптарды көтерді. Қойылымдар ауқымды декорациялармен және заманауи визуалды эффектілермен сүйемелденді.
Фестиваль бірнеше кезеңнен тұрды. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Эко-Арт» кезеңі өтіп, студенттер қайта өңделген материалдардан арт-объектілер жасап, оларды өз қойылымдарында қолданды. Сонымен қатар, студенттердің шығармашылық өзара әрекеттесу алаңына айналған мектепаралық КВН ұйымдастырылды.
Жасанды интеллект жылы аясында қатысушылар ЖИ технологияларын пайдаланып, өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғайтын бейнероликтер дайындады. Бұл материалдар сахналық қойылымдарға енгізіліп, олардың визуалды және мазмұндық әсерін күшейтті.
ХБК (KazGASA) студенттік бастамаларды қолдағаны үшін серіктестер мен демеушілерге ерекше алғысын білдіреді.
Svoi Dom компаниясы бірінші орын алған Сәулет мектебінің командасына 1 000 000 теңге көлемінде жүлде ұсынды. Екінші орынды Инженерия мектебі (500 000 теңге), үшінші орынды Дизайн мектебі (300 000 теңге) иеленді.
Gaudi компаниясы Құрылыс мектебінің командасына 200 000 теңге көлемінде көрермен көзайымы жүлдесін табыстады.
Биыл фестиваль бизнес пен серіктестер тарапынан кең қолдау тапты. Svoi Dom және Gaudi компанияларынан бөлек, басқа да серіктестер іс-шараның өткізілуіне елеулі үлес қосты.
Unilife компаниясы қатысушыларға 20 000 теңге көлеміндегі сертификаттар мен Rahat Fest фестиваліне билеттер ұсынды. Shin Line компаниясы 100 порция балмұздаққа сертификаттар табыстады, ал Coca-Cola компаниясы әлем чемпионаты стиліндегі интерактивті аймақтар ұйымдастырып, іс-шара атмосферасын күшейтті.
Фестивальдің өткізілуі ХКБ-ның студенттік бастамаларды қолдау және белсенді, креативті әрі әлеуметтік жауапты ұрпақты қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысын айқындайды.