2026 жылғы 14 сәуірде Almaty Theatre-де Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының (KazGASA) 45 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтой мемлекеттік сектор өкілдерін, халықаралық серіктестерді, түлектерді және кәсіби қауымдастықты біріктірді.
Мерейтойлық бағдарлама аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен KazGASA Қамқоршылар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес құрамы жаңартылып, мүшелер саны 10 адамға дейін ұлғайтылды. Кеңес құрамына мемлекеттік және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев еніп, Қамқоршылар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұған дейін бұл қызметті Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, «Элитстрой групп» директорлар кеңесінің төрағасы Бекзат Сарманов атқарып, жаңартылған құрамда Кеңес мүшесі ретінде жұмысын жалғастырды.
Бағдарламаның жалғасы ретінде ресми және мәдени бөлімдерді қамтыған мерекелік концерт өтті. Құттықтау сөздерімен IEC Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайынов, KazGASA Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Қырымбек Көшербаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ АҚШ-тың Бас консулы Michelle Yerkin сөз сөйледі.
Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек академия өкілдеріне ведомстволық наградалар табыстады. «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен Айғазы Құсайынов марапатталды. «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Гүлназ Ибраимбаева мен Бану Ажғалиева марапатталды.
Мерейтой аясындағы маңызды бастамалардың бірі — академик Әмірлан Құсайынов атындағы білім беру қорының іске қосылғаны туралы хабарлау болды. Қор студенттерді, жас зерттеушілерді қолдауға және саланың кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Кеш бағдарламасы сондай-ақ марапаттау рәсімін және кәсіби әрі академиялық қауымдастық өкілдеріне құрметті профессор атағын беру рәсімін қамтыды. Олардың қатарында Айдар Татығұлов, Ерік Бесімбаев, Игнасио Менендес және Александр Белович бар. Қонақтарға түлектер тарихы мен академия дамуына арналған мерейтойлық фильм ұсынылды.
Мәдени бөлім шығармашылық қойылымдармен, қазақстандық әртіс Айқын Төлепбергеннің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасып, KazGASA гимнімен аяқталды.
Мерейтойды өткізу академия дамуының маңызды кезеңі болды және оның келешектегі басым бағыттарын — тәжірибеге бағытталған білім беруді дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту — айқындады.