2026 жылғы 1 маусымда Халықаралық білім беру корпорациясына (KazGASA) стратегиялық қала құрылысы жоспарлау, тұрақты даму, сәулет және цифрлық технологиялар саласындағы халықаралық сарапшылар делегациясы келді.
Сапар аясында ХБК (KazGASA) студенттері мен оқытушылары үшін қалаларды дамытудың заманауи тәсілдері, тұрақты урбанизм, жобалаудағы цифрлық технологиялар және инновациялық шешімдерді сәулет және инженерлік тәжірибеге енгізу тақырыптарына арналған қонақ дәрісі өтті. Сапарды ұйымдастыруға және халықаралық сарапшыларды тартуға Caspian Integrity компаниясы қолдау көрсетті.
Іс-шара спикерлері ретінде әлемнің түрлі елдерінде ауқымды жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар халықаралық сарапшылар сөз сөйледі:
Guy Castelyn Perry — стратегиялық қала құрылысы жоспарлау және тұрақты даму саласының сарапшысы, БҰҰ-ның өмір сапасы жөніндегі сарапшылар тобының (UN Habitat) өкілі, McKinsey & Company және Tekuma (Швейцария) компанияларының аға кеңесшісі. Дәріс барысында smart city жобаларын дамыту, кешенді аумақтық жоспарлау және тұрақты қалалық ортаны дамыту бойынша халықаралық тәжірибелер ұсынылды.
Jianxiang Huang — жоғары тығыздықтағы қалалық аумақтарды тұрақты дамыту және цифрлық инновациялар саласының маманы, Цинхуа университетінің Болашақ өмір сүру ортасы институтының (iFHH) қауымдастырылған профессоры және декан орынбасары. Сарапшы қалалардың микроклиматы мен экологиялық параметрлерін талдауға арналған цифрлық шешімдер мен IT-құралдарды енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Alexander Semochkin — параметрлік жобалау және BIM/GIS технологиялары бойынша сарапшы сәулетші, халықаралық SOM және Adrian Smith + Gordon Gill Architecture архитектуралық бюроларында жұмыс тәжірибесіне ие. Өз сөзінде ол күрделі сәулеттік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы цифрлық модельдеу, автоматтандыру және параметрлік құралдарды қолдану мысалдарын таныстырды.
Қонақтар үшін ХБК (KazGASA) кампусы бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Делегация арнайы зертханаларды, оқу кеңістіктері мен зерттеу алаңдарын аралап, кампус инфрақұрылымымен, білім беру бағдарламаларымен және тәжірибеге бағытталған оқытудың заманауи тәсілдерімен танысты.
Сонымен қатар, сапар аясында ХБК (KazGASA)-ның Алатау қаласын дамыту және салу жобасына қатысу мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті. Талқылау барысында университеттің сәулет, қала құрылысы жоспарлау, тұрақты қалалық ортаны дамыту, цифрлық модельдеу және болашақ қала үшін кадр даярлау бағыттары бойынша ауқымды урбанистикалық жобаны жүзеге асырудағы сараптамалық және академиялық қатысу перспективалары қарастырылды.
Тараптар халықаралық тәжірибе мен ХБК (KazGASA)-ның ғылыми-білім беру әлеуетін Алатау қаласының заманауи қалалық инфрақұрылымын қалыптастыру үдерістеріне интеграциялау мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары, студенттер мен оқытушылардың жобалық бастамаларға қатысуы және университет, сарапшылар қауымдастығы мен индустрия арасындағы тәжірибеге бағытталған өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.