Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) алтыншы қабатында ХХ ғасырдың көрнекті сәулетшісі Моисей Гинзбургтің шығармашылық мұрасына арналған көрме орналастырылды. Экспозиция KazGASA Сәулет мектебіне тұрақты негізде сыйға берілді.
Көрменің табысталуы Сәулет мектебінің білім беру және ғылыми бастамалары аясында қалыптасқан ынтымақтастықтың жалғасы болды. Тамыз айында Сәулет мектебі ЮНЕСКО кафедрасы аясында конструктивизм мен модернизмнің сәулеттік мұрасын зерттеуге арналған «ХХ ғасырдың сәулеттік мұрасын сақтау: қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері» тақырыбында халықаралық конференция мен студенттік воркшоп ұйымдастырды. Іс-шара Алматыда Германия, АҚШ, Түркия, Италия, Сербия, Грузия, Бразилия және әлемнің басқа да елдерінен келген сарапшылар мен білім алушылардың басын қосты.
Іс-шара серіктесі, сәулетші Жанна Спунер іс-шара демеушілерінің бірі болды. Кейін ынтымақтастық үшін алғыс белгісі ретінде ол бұған дейін «Целинный» заманауи мәдениет орталығында қойылған көрме материалдарын Сәулет мектебіне сыйға тартты. Табысталған көрме кешенінің құны 3 млн теңгені құрайды.
Экспозиция кеңестік авангард сәулетінің көрнекті өкілдерінің бірі Моисей Гинзбургтің сәулеттік мұрасына арналған. Көрме материалдары студенттер мен келушілерді оның шығармашылық қағидаттарымен, жобаларымен және ХХ ғасырдағы сәулет ойының дамуына қосқан үлесімен таныстырады.
Көрме Сәулет мектебіне табысталып, енді ХБК (KazGASA) білім беру ортасының бір бөлігіне айналады. Уақытша экспозициялардан айырмашылығы, ол университетте тұрақты негізде ұсынылады. Бұл көрме материалдарын оқу үдерісінде, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың кәсіби пікірталастарында пайдалануға мүмкіндік береді.