15.10.26

Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) «Ready Player One — 2026» ауқымды студенттер қатарына қабылдау рәсімі өтті

14 қазанда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) бірінші курс студенттеріне арналған «Ready Player One — KazGASA Freshmen Initiation 2026» атты ауқымды салтанатты іс-шара өтті. Мереке заманауи технологияларды, шығармашылықты және ұлттық құндылықтарды біріктіріп, студенттік өмірдің жаңа кезеңіне жарқын бастау берді.

Салтанатты рәсімді IEC Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Құсайынов ашып, бірінші курс студенттерін өмірлеріндегі маңызды кезеңнің басталуымен құттықтады. Ол сапалы білім алудың, кәсіби тұрғыдан дамудың, шығармашылық әлеуетті жүзеге асырудың және болашақта ел дамуына үлес қосудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара барысында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек, KazGASA ректоры Бахтияр Сабденалиев, бас демеуші BI Group компаниясының өкілі, академия түлегі Григорий Сергеевич Нешатаев және OPPO Kazakhstan компаниясының өкілі Дэвид Лиу құттықтау сөз сөйледі. Құрметті қонақтар студенттерге жаңа оқу кезеңінде табыс тілеп, білімге ұмтылудың, азаматтық жауапкершіліктің және қоғамдық белсенділіктің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бастамалары аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шараның негізгі бөлімдерінің бірі академияның төрт мектебі арасындағы шығармашылық байқау болды. Сәулет мектебі «Туризм», Құрылыс мектебі «Спорт», Инженерия мектебі «Цифрландыру», Дизайн мектебі «Мәдениет» тақырыптары бойынша Қазақстанның жетістіктерін сахналық қойылымдар мен заманауи шығармашылық шешімдер арқылы таныстырды. Әр мектеп өз командасының бірлігін, талантын және жаңашыл көзқарасын көрсетті. Қатысушылардың өнерін қазылар алқасы бағалап, байқау қорытындысы бойынша үздік командалар марапатталды.

Байқау қорытындысы бойынша 2025 жылғы Бірінші курс студенттері кубогын Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) Дизайн мектебі жеңіп алды. Команда тың идеясымен, сахналық шеберлігімен және ұйымшылдығымен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Салтанатты бағдарлама аясында бірінші курс студенттері ант қабылдап, шетелдік студенттерге арнайы қошемет көрсетілді. Мерекелік кеш би командаларының, чирлидерлердің, музыкалық топтар мен жас өнерпаздардың әсерлі қойылымдарымен толықты. Академия әнұранының орындалуы студенттер қауымдастығының бірлігі мен ортақ құндылықтарын айқындаған ерекше сәттердің бірі болды.

Іс-шараның бас демеушісі BI Group және ресми серіктесі OPPO Kazakhstan студенттік бастамаларды қолдауға үлес қосты. Кеш барысында OPPO Kazakhstan ұйымдастырған шығармашылық байқаудың төрт жеңімпазы марапатталып, оларға смартфондар табысталды. Сондай-ақ My Campus Planet жобасы аясында марапаттау рәсімі өткізілді.

Мерекелік кештің басты музыкалық қонағы, танымал қазақстандық орындаушы SHIZA болды. Әртістің өнер көрсетуі ауқымды іс-шараның концерттік бағдарламасының жарқын қорытындысына айналды.

«Ready Player One — KazGASA Freshmen Initiation 2026» бірінші курс студенттері үшін жаңа өмір кезеңінің басталуын айқындаған маңызды оқиғаға айналды. Іс-шара жастардың шығармашылық әлеуетін, бірлігін, заманауи технологияларға қызығушылығын және Қазақстанның дамуына үлес қосуға деген ұмтылысын көрсетті.