Халықаралық білім беру корпорациясына (KazGASA) Малайзия халықаралық ислам университетінің (International Islamic University Malaysia, IIUM) екі профессор мен 28 студенттен құралған делегациясы келді.
Сапар халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, Қазақстан мен Малайзия арасындағы білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Бағдарлама аясында дәрістер, практикалық сабақтар, ғылыми пікірталастар, сондай-ақ студенттермен және профессор-оқытушылар құрамымен тәжірибе алмасу көзделген. Сәулет, тарихи-мәдени мұраны сақтау, цифрлық құжаттандыру және сәулет нысандарын зерттеудің заманауи әдістерін қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Сапардың негізгі іс-шараларының бірі — екі университеттің студенттері мен оқытушыларының Қазақстанның сәулет және тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге бағытталған бірлескен далалық жұмысы. Халықаралық зерттеу тобы Жаркент қаласында зерттеу жүргізіп, бірегей сәулет ескерткіші — Жаркент мешітін зерделеуде.
Қатысушылар нысанның сәулеттік-кеңістіктік ерекшеліктерін, тарихи құндылығын және мәдени мұраны сақтаудың қолданыстағы тәсілдерін зерттеуде.
Мұндай бастамалар жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту міндеттеріне сәйкес келеді. Олар академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, мамандар даярлау сапасын арттыруға, жастардың зерттеушілік құзыреттерін дамытуға және Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға ықпал етеді.