01.06.26

ХБК студенті Amanat Ideathon 2026 республикалық байқауының жеңімпазы атанды

Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) Құрылыс мектебінің РПЗС-22-3 тобының студенті Жолдасбек Мадибек Маратұлы Qozy инновациялық білім беру жобасымен Amanat Ideathon 2026 республикалық байқауының жеңімпазы атанды.

Qozy — негізінен қазақтілді аудиторияға арналған ағылшын тілін үйренуге арналған мобильді қосымша. Жоба цифрлық технологиялар мен интерактивті білім беру құралдарын пайдалана отырып, шет тілдерін үйренудің заманауи, ыңғайлы және қолжетімді форматын қалыптастыруға бағытталған.

Қосымшаның функционалы жаңа сөздерді үйренуді, қос субтитрмен сериал көруді, геймификация элементтері арқылы оқытуды, 200-ден астам дайын бейнесабақтарды, сондай-ақ бейтаныс сөздерді қазақ тіліне лезде аударатын кіріктірілген кітапхананы қамтиды.

Amanat Ideathon 2026 республикалық байқауы Қазақстанның түрлі өңірлерінен 250-ден астам қатысушы мен 106 жобаны біріктірді. Байқау қорытындысы бойынша Qozy жобасы ұсынылған бастамалардың ішіндегі үздік жоба деп танылды.

Байқаудағы жеңісі үшін Жолдасбек Мадибек Маратұлы 1 000 000 теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді. Қаржы жобаны одан әрі дамытуға және ауқымын кеңейтуге бағытталады.

Стартаптың даму қарқыны ерекше назар аудартады. Алғашқы релизден кейін қосымшаны 40 000-нан астам қолданушы жүктеп алды. Бұл аудиторияның жоғары қызығушылығы мен өнімнің сұранысқа ие екенін көрсетті. Қазіргі уақытта команда платформаның өнімділігін арттыру және жобаны әрі қарай масштабтау мақсатында жаңартылған архитектурасы бар жаңа нұсқасын әзірлеуде.

Әзірлеушілердің алдағы жоспарларына тілдік қолдауды кеңейту, 100 000 қолданушы аудиториясына жету және халықаралық нарыққа шығу кіреді.

Жобаның әлеуметтік маңызы да ерекше. Команда мүмкіндігі шектеулі жандарға премиум-жазылымға тегін қолжетімділік ұсыну мүмкіндігін қарастыруда. Бұл сапалы білім мен тіл үйренудің баршаға қолжетімді болуы қажет екенін көрсетеді.

ХБК (KazGASA) Жолдасбек Мадибек Маратұлын республикалық байқаудағы жеңісімен құттықтап, Qozy жобасын дамытуда, жаңа бастамаларды жүзеге асыруда және халықаралық деңгейге шығуда табыс тілейді.