2026 жылғы 20 сәуірде Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) Сәулет мектебінің студенттері мен оқытушылары Жамбыл облысына экспедиция жасады. Бұл сапар ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра нысаны — Құлан қалашығын музеефикациялау және ревитализациялау жобасын әзірлеудің маңызды кезеңі болды.
Жоба Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, тарихи-мәдени нысанды сақтау, насихаттау және заманауи тұрғыда қайта пайымдауға бағытталған.
Экспедиция барысында ЮНЕСКО кафедраларының оқытушылары мен 1-3 курс студенттерінен құралған жұмыс тобы Құлан және Мерке қалашықтарына барып, далалық зерттеулер жүргізді, нысандардың қазіргі жағдайын зерттеп, жобалық шешімдер әзірлеу үшін қажетті материалдарды жинады.
Аталған жоба «Тарихи-мәдени мұраны сақтау» білім беру бағдарламасы аясындағы оқу үдерісінің бір бөлігі болып табылады және студенттерге әлемдік маңызы бар нысандарды сақтау саласында тәжірибелік дағдылар алуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың соңына дейін ЮНЕСКО кафедрасы Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарында тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу және сақтау бағытында қосымша экспедициялар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Осындай жобаларды жүзеге асыру ХБК-ның (KazGASA) тәжірибеге бағытталған білім беру қағидатын және академияның ұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтауға қосқан үлесін айқындайды.