2026 жылғы 15 сәуірде Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің Оқу-әдістемелік бірлестігінің «Сәулет және құрылыс» және «Өнер» (Мода, Дизайн) кадрларды даярлау бағыттары бойынша кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шара аралас форматта (онлайн және офлайн) өткізіліп, оған ОӘБ-ға мүше 44 ЖОО-ның 38-інің өкілдері, сондай-ақ салалық ұйымдар мен «Атамекен» ҰКП қатысты.
Отырыстың негізгі тақырыбы білім беруді цифрландыру және сәулет-құрылыс пен дизайн салалары үшін мамандар даярлау үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері болды.
ОӘБ отырысын ХБК ректоры, ОӘБ төрағасы Бахтияр Сабденалиев ашты. Баяндамалармен Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA), ОӘБ-ға мүше жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ индустрия мен кәсіби қауымдастық өкілдері сөз сөйледі.
Цифрлық технологияларды білім беру бағдарламаларына енгізу, BIM және жасанды интеллектті сәулетшілерді, дизайнерлерді және құрылыс инженерлерін даярлауда қолдану, индустрия мен академия арасындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ сәулет-құрылыс және дизайн салаларындағы кадрларды даярлауға қойылатын заманауи талаптар мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс аясында «Сәулет және дизайн», «Құрылыс», сондай-ақ «Геодезия және картография, жерге орналастыру және кадастр» бағыттары бойынша секциялық талқылаулар өтті. Қатысушылар білім беру бағдарламаларын жетілдіру мәселелерін жан-жақты қарастырып, тәжірибе алмасты және ОӘБ грифін алуға ұсынылған оқу-әдістемелік басылымдарды талқылады.
ОӘБ отырысы 2024–2025 оқу жылына арналған үздік бітіру жұмыстарының республикалық онлайн байқауының қорытындыларын шығарумен аяқталды.
ХБК (KazGASA) базасында ОӘБ отырысының өткізілуі академияның сәулет-құрылыс және креативті салаларда мамандар даярлаудың заманауи тәсілдерін қалыптастыруға арналған жетекші алаң ретіндегі мәртебесін, сондай-ақ білім, ғылым және кәсіби орта арасындағы өзара байланысты нығайтудағы рөлін тағы да растады.