19.12.25

ҚХР білім беру ұйымдары делегациясының ХБК-ға сапары

2025 жылғы 19 желтоқсанда Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) Қытай Халық Республикасының білім беру ұйымдары өкілдерінен құралған делегацияны қабылдады.

Делегация құрамына Сиань технологиялық техникумы «Лисюнь» ректоры У Гофэй, «Бір белдеу — бір жол» білім беру тобы директорлар кеңесінің төрағасы Хуан Тао, Сиань технологиялық техникумы «Лисюнь» сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы Син Дуаньян, «Бір белдеу — бір жол» білім беру тобының бас директоры Лю Цзунцзян, сондай-ақ аталған топтың директорлар кеңесі төрағасының көмекшісі Жұлдыз кірді.

Сапардың мақсаты Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) инфрақұрылымымен танысу және білім беру мен кадр даярлау саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау болды. Сапар бағдарламасы аясында қонақтар үшін университет пен зертханалық базаны қамтитын шолу экскурсиясы ұйымдастырылып, одан кейін жұмыс кездесуі өтті.

Келіссөздер барысында тараптар өзара іс-қимылдың мүмкін бағыттарын қарастырып, Қазақстан Республикасының аумағында қызмет атқаратын қытайлық компаниялар үшін білікті мамандар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар электромобильдер индустриясы мен ұшқышсыз ұшу аппараттары салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Аталған бағыттар бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қызығушылық білдірді.