20.11.25

ХБК және «Әзірет-Сұлтан» ұлттық музей-қорығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

 

2025 жылғы 20 қарашада Халықаралық білім беру корпорациясына (KazGASA) Түркістан қаласындағы «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының делегациясы келді. Кездесу барысында ХБК ректоры Сабденалиев Бахтияр Асылбайулы және музей-қорық директоры Дукенбаев Нурлан Мусагалиевич Халықаралық білім беру корпорациясы мен «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Құжат бірлескен ғылыми зерттеулер мен жобалық жұмыстарды жүзеге асыруды, сондай-ақ Қазақстанның сәулеттік мұрасын сақтау және танымал етуге бағытталған бастамаларға ХБК (KazGASA) студенттерінің қатысуын көздейді. Сонымен қатар, Түркістанның тарихи-мәдени нысандарына қатысты реставрациялық және зерттеу жобаларына студенттердің практикалық қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Тараптар мәдени мұраны қорғау саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту және студенттердің нақты реставрациялық әрі ғылыми-зерттеу процестеріне қатысуы үшін жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) бұл бағытты жүйелі түрде дамытуда: жоғары оқу орны құрылымында UNESCO кафедрасы жұмыс істейді, сондай-ақ реставрация, музейтану және мәдени сараптама саласында жоғары деңгейлі мамандар даярлауға бағытталған «Тарихи-мәдени мұраны сақтау» білім беру бағдарламасы іске асырылған.