24.10.25

ХБК студенттерінің YPO мүшелерімен кездесуі

2025 жылғы 23 қазанда Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) студенттердің халықаралық бизнес-қоғамдастық YPO мүшелерімен кездесуі өтті. Қонақтарды Халықаралық білім беру корпорациясының Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Әмірланұлы Құсайынов қарсы алды.

Іс-шара YPO Kazakhstan бағдарламасы аясында өтті. Бұл қауымдастық табысқа ғана емес, сонымен қатар үздіксіз даму, білім және тәжірибе алмасу мен өзара қолдауға ұмтылатын бизнес көшбасшыларын біріктіреді.

YPO-ның басты миссиясы — білім беру және идеялар алмасу арқылы ең үздік көшбасшыларды дамыту. Бұл қағида біздің академия мен Халықаралық білім беру корпорациясының рухына да жақын. Себебі тұрақты оқу, ашықтық және ынтымақтастық — прогрестің негізін қалайды.

Кездесуге Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастырып, кәсіби көшбасшылықтың үлгісін көрсетіп жүрген көрнекті кәсіпкерлер қатысты: Рамиль Мұхоряпов — Choco және Freedom AI компанияларының негізін қалаушы және бас директоры, цифрлық кәсіпкерліктің және технологиялық көшбасшылықтың пионері; Нұрасыл Жарбасов — DEM Group директорлар кеңесінің төрағасы, инвестор және Astana Venture Club негізін қалаушы; Марлен Исмағұлов — BAU Group бас директоры, құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды басқару саласының сарапшысы; Алмат Даумов — Брендт компаниясының басқарушы серіктесі, брендтердің стратегиялық дамуы мен беделін басқару маманы; Бахадыр Анарметов — MINISO Kazakhstan компаниясының тең құрылтайшысы, халықаралық бөлшек сауда желісін Қазақстан нарығында табысты дамытқан кәсіпкер; Лян Ларион — IC Group негізін қалаушы, бизнесті нөлден бастап ұлттық деңгейге дейін өрістеткен кәсіпкер; Қайрат Ахметов — Smart Urban Technologies бас директоры, сондай-ақ Korkem Telecom секілді технологиялық компаниялардың тең құрылтайшысы, ол Sergek жобасын іске асырумен танымал.

ХБК (KazGASA) барлық қонақтарға студенттермен бөліскен тәжірибесі, құнды кеңестері мен шабыттандыратын ойлары үшін алғыс білдіреді. Мұндай кездесулер жас мамандарға кәсіби дамуға кеңірек көзқарас қалыптастыруға, білім мен бизнестің байланысын нығайтуға және Қазақстанның жаңа буын көшбасшыларын жігерлендіруге мүмкіндік береді.