26.03.26

ХБК студенттері «Azamat» республикалық дебат жобасына қатысуда

«Хабар» телеарнасында көрсетілетін «Azamat» теледебаттарының жаңа маусымы эфирге шығуға дайындалуда. Аталған республикалық интеллектуалды дебат жобасына Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) Сәулет мектебінің студенттері қатысуда.

«Azamat» республикалық интеллектуалды дебат турнирі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қолдауымен және «Хабар» телеарнасының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізіледі. Жоба еліміздің үздік студенттерін біріктіріп, сыни ойлау, шешендік өнер және көшбасшылық қасиеттерді дамытуға бағытталған.

Қатысушыларды іріктеу жоғары бәсекелестік жағдайда өтті: байқауға Қазақстанның 100-ден астам жоғары оқу орнынан өтінімдер түсті. Нәтижесінде жобаға 32 университет пен 700-ге жуық үміткердің ішінен іріктелген 64 үздік дебатер өтті. Қазылар алқасы қатысушылардың білім деңгейімен қатар, ойды жүйелі жеткізу, логикалық ойлау, сөйлеу мәдениеті, эрудиция және көшбасшылық қабілеттерін бағалады.

Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) атынан беделді жобаға:

  • Сәулет мектебінің 2 курс студенті — Сұлтан Нұрхан Әмірханұлы
  • Сәулет мектебінің 1 курс студенті — Қабдуахит Нұрасыл Қайратұлы

қатысуда.

ХБК (KazGASA) студенттерінің республикалық дебат турниріне қатысуы білім алушылардың жоғары дайындық деңгейін және олардың интеллектуалдық әрі қоғамдық қызметке белсенді қатысуын көрсетеді.

ХБК (KazGASA) өз студенттеріне сәттілік тілейді және олардың жетістіктері университеттің дамуына және беделінің артуына үлес қосатынына сенім білдіреді.