9 қаңтарда Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) қауымдастырылған профессоры, «Ғимараттар мен құрылыстарды жобалау» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Ниетбай Саят Ержанұлы China–Nigeria Infrastructure Sector Education-Industry Integration Consortium аясында ұйымдастырылған Smart Construction Technology тақырыбындағы халықаралық онлайн-дәрісте спикер ретінде сөз сөйледі.
Іс-шара Нигерияның жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының (HEI & TVET) өкілдерін біріктіріп, инфрақұрылым саласында білім беру мен индустрия арасындағы өзара байланысты дамытуға бағытталды. Дәріске инженерлік және АКТ бағыттары бойынша декандар мен оқытушылар қатысты.
Дәріс барысында ХБК (KazGASA) қауымдастырылған профессоры «ақылды» құрылыс технологияларын енгізудің негізгі аспектілерін, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды заманауи құрылыс тәжірибесіне интеграциялау мәселелерін атап өтті, сондай-ақ инфрақұрылым дамуының жаһандық үрдістері жөніндегі сараптамалық көзқарасымен бөлісті.
ХБК (KazGASA) қауымдастырылған профессорының халықаралық білім беру бастамасына қатысуы Belt and Road Initiative (BRI) аясындағы академиялық ынтымақтастықты дамытуға қосылған үлес болып, корпорацияның халықаралық білім беру және ғылыми жобалардағы белсенді рөлін растады.