13.02.26

ХБК профессорлары Түркияда өткен халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысты

2026 жылғы 9-13 ақпан аралығында Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) Сәулет мектебінің профессорлары — сәулет докторы, профессор, UNESCO кафедрасының меңгерушісі Глаудинова М.Б. және қауымдастырылған профессор Аухадиева Л.М. — Қазақстан Республикасының ресми делегациясы құрамында Түркі мәдениетінің халықаралық қоры ұйымдастырған реставрация саласындағы тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысты.

Іс-шараға Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Венгрия және Қырғызстан елдерінің делегациялары қатысты. Бағдарлама кәсіби ынтымақтастықты дамытуға, тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы практикалық тәжірибе алмасуға және бірлескен бастамаларды қалыптастыруға бағытталды.

9-10 ақпанда Анкарада қатысушылар Middle East Technical University (METU) және Ankara Hacı Bayram Veli University зертханаларында болып, сондай-ақ Museum of Anatolian Civilizations музейінің экспозициясымен танысты. Стамбулда делегация Istanbul University университетінің теңіз түбінен табылған римдік кемелерді сақтау тәжірибесін зерттеп, TÜBİTAK ғарыштық технологиялар ғылыми-зерттеу институтына барды, сондай-ақ Стамбул қаласының сәулетші-реставраторларымен кездесті.

Бағдарлама қорытындысы бойынша әр ел одан әрі ынтымақтастық жөніндегі өз ұсыныстарын таныстырды. ХБК (KazGASA) жанындағы UNESCO кафедрасы мен Түркі мәдениеті және мұрасы орталығының қызметі туралы ұсынылған ақпарат қатысушылар тарапынан қызығушылық тудырды.

Алдағы уақытта түркі әлемінің мәдени мұрасын сақтау және насихаттау бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыру және келесі қадамдарды үйлестіру мақсатында тұрақты кездесулер өткізу жоспарлануда.