14.11.25

ХБК-ға Қытай–ШЫҰ ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық орталығының делегациясы келді

2025 жылдың 14 қарашасында Халықаралық білім беру корпорациясына (KazGASA) Қытай Халық Республикасынан Қытай-ШЫҰ ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық орталығының делегациясы келді. Аталған Орталық — ҚХР-дың ШЫҰ елдерімен ғылыми-техникалық, білім беру және инновация салаларындағы өзара іс-қимылға арналған ресми ұлттық платформасы.

Делегация құрамында Шаньдун білім беру холдингі «Шаньда Сюэши» директорлар кеңесінің төрағасы Цзинь Бэньцзюнь, холдингтің маркетинг бөлімінің басшысы Гу Синьхуэй, Ішкі Моңғолияның кадрлар және индустриялық таланттарды дамыту орталығының директоры Ло Имин, Орталықтың халықаралық бөлімінің басшысы Лю Чживэй, Қытай-ШЫҰ орталығы директорының орынбасары Лю Хунчжи, сондай-ақ Қытай-ШЫҰ орталығы Халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Саханов Абай болды.

Сапардың негізгі мақсаты — «Бань Мо институты» (Ban·Mo College) жобасын талқылау. Бұл жоба «1 ЖОО + 1 қытай колледжі + 1 кәсіпорын» моделі бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға бағытталған жаңа форматтағы оқу-өндірістік алаң құруды көздейді. Мұндай формат білім беру технологияларын, өндірістік үдерістерді және халықаралық сараптаманы біріктіріп, Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) студенттеріне қазіргі индустрия талаптарына сай дайындықтан өтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, KazGASA College, Digital College және қытай колледждері арасындағы серіктестік мүмкіндіктері қаралды.

Делегация Халықаралық білім беру корпорациясының инфрақұрылымымен танысып, зертханаларды аралады және бірлескен білім беру бағдарламаларын, академиялық алмасуларды, тағлымдамалар мен индустриялық тәжірибе алмасуды ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады. ХБК (KazGASA) басшылығы бұл сапар инженерлік білім беру сапасын арттыру және инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.