2025 жылдың 18 қыркүйегінде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) «Алматы қаласының тұрақты дамуы урбанистика тұрғысынан» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мегаполистің тұрақты даму мәселелері талқыланған іс-шара ХБК (KazGASA) мен ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды. Аталған іс-шараға 20-дан астам жоғары оқу орындары, ғылыми зерттеу институттары және жобалау мекемелері қатысты.
Дөңгелек үстелде стратегиялық келешек қана емес, урбанистикалық бастамаларды жүзеге асырудың нақты тетіктері де қарастырылды. Олардың ішінде қала құрылысы, цифрландыру, экология, көлік және сейсмикалық қауіпсіздік бағыттары бар.
Тұрақты даму мәселелерін талқылау барысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының форсайт-зерттеулері мен ХБК-ның (KazGASA) мәселелерді шешудегі әлеуеті, Алматыдағы ғылыми зерттеулердің жай-күйі, перспективалары мен мәселелерін айқындайтын аналитикалық материалдар ұсынылды. Сондай-ақ мегаполисте жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің практикалық маңызы мен олардың болашақтағы даму бағыттарына ерекше көңіл бөлінді.
Дөңгелек үстел нәтижесінде ғалымдар мен сарапшылар Алматы қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеп, мегаполис мүддесіне жүзеге асыруға арналған ғылыми негізделген шешімдер дайындады. Іс-шараның қорытындысында Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) мен ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат бірлескен жобалар мен зерттеулерді жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.