2025 жылғы 23 қарашада Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) делегациясы 9-шы Бейжің халықаралық қалалық жоспарлау конференциясы аясында өткен сәулеттік мұраларды сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі Халықаралық форумға қатысты. Делегация құрамына ХБК ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Жангазы Нуржанович Молдамуратов, UNESCO кафедрасының меңгерушісі Мехрибану Бекримжановна Глаудинова және халықаралық ынтымақтастық пен инновациялар жөніндегі кеңесші Мади Бердалыулы Алдабергенов кірді.
Іс-шара Бейжің қалалық жоспарлау көрме орталығында өтіп, «Жасыл деректерді интеграциялау және мұра саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту: қалалардың тұрақтылығы және дизайнға негізделген тұрақты болашақ» тақырыбына арналды.
Форум жылдам урбанизация жағдайында мәдени және сәулеттік мұраны сақтау жөніндегі халықаралық пікірталас алаңына айналды. Оған Қытай, Қазақстан, Шри-Ланка, Италия, Австралия, Норвегия және басқа елдерден 15 университет пен ұйым қатысты.
Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) Қазақстанның сейсмотұрақты құрылыс және сәулеттік мұраны қорғау саласындағы ғылыми зерттеулерге қосқан үлесін таныстырды. ХБК ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Жангазы Нуржанович Молдамуратов «Алматының тау бөктеріндегі аймақтағы гидротехникалық құрылыстардың сейсмотұрақтылығын көпфакторлы зерттеу» тақырыбында баяндама жасады. UNESCO кафедрасының меңгерушісі Мехрибану Бекримжановна Глаудинова «Қазақстандағы қалалық тарихи нысандарды сақтау: Бүкіләлемдік мұра нысаны Қойлық мысалында» атты зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Форум барысында сәулеттік мұраны цифрландыру, қалалардың тұрақты дамуы, мәдени туризм және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелері қаралды. Қатысушылар тарихи және мәдени нысандарды қорғауға бағытталған жаһандық платформалар мен трансұлттық ғылыми жобалар құрудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша болашақ ұрпақ үшін мұраны сақтау мақсатында халықаралық әріптестікті нығайту және инновациялық шешімдер әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.