06.04.26

Алматыда Қазақстан мен Әзербайжан ректорларының II форумы өтті:ХБК халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде

2026 жылғы 6 сәуірде Алматы қаласында Innotech powered by Arizona State University кампусы базасында Қазақстан мен Әзербайжан жоғары оқу орындары ректорларының II форумы аясындағы негізгі іс-шаралар өтті. Форум екі ел арасындағы академиялық әріптестікті дамытуға бағытталды.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаевтың қатысуымен жетекші университеттердің басшылары мен салалық ведомстволар өкілдері арасында екіжақты кездесу өтті. Кездесу барысында академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды.

Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) үшін форум аясында халықаралық білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған құжаттың қол қойылуы ерекше маңызға ие болды.

Форум барысында Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) мен Әзербайжан сәулет-құрылыс университеті (ӘзСҚУ) арасында халықаралық қос дипломды магистрлік бағдарлама бойынша хаттамаға қол қойылды.

Келісім құрылыс материалдары инженериясы бағыты бойынша магистранттарды бірлесіп даярлауды көздейді және келесі бағдарламаларды қамтиды:
— «Өнеркәсіптік инженерия» мамандығы (ӘзСҚУ);
— «Құрылыс материалдарының инженериясы» білім беру бағдарламасы (ХБК).

Қос дипломды бағдарлама KazGASA студенттері үшін халықаралық білім алу, академиялық ұтқырлықты кеңейту және озық білім беру мен ғылыми тәжірибеге қол жеткізу мүмкіндіктерін ашады.