2026 жылғы 10-13 наурыз аралығында Халықаралық білім беру корпорациясына Академиялық адалдық лигасының мониторингтік тобы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында университет қызметіне кешенді бағалау жүргізіліп, академиялық адалдықты қамтамасыз ету тетіктері, білім беру үдерістерінің ашықтығы және университеттің цифрландыру деңгейі зерделенді.
Сапар барысында мониторингтік топ университет басшылығымен кездесу өткізді. Кездесуге ХБК ректоры Бахтияр Асылбайұлы Сабденалиев, сондай-ақ университет проректорлары қатысты. Тараптар академиялық саясатты дамыту бағыттарын, білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелерін және білім беру ортасына академиялық адалдық қағидаттарын енгізу жолдарын талқылады.
Мониторингтік топ университеттің әкімшілік-басқару қызметкерлерімен, мектеп декандарымен және кафедра меңгерушілерімен де кездесулер өткізді.
Сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құраммен, студенттермен, түлектермен және жұмыс берушілермен жеке кездесулер ұйымдастырылды. Бұл кездесулер барысында білім беру үдерісінің сапасы, университеттің индустриялық серіктестермен өзара іс-қимылы, сондай-ақ оқу және ғылыми қызметте академиялық адалдық қағидаттарын енгізу мәселелері қарастырылды.
Сапар аясында мониторингтік топ мүшелеріне университет бойынша экскурсия ұйымдастырылып, оқу инфрақұрылымы, аудиториялар, зертханалар және университеттің цифрлық сервистері таныстырылды. Сондай-ақ студенттер үйі №1 және №2 араланып, студенттердің тұру жағдайлары көрсетілді.
Мониторингтік топ университеттің цифрландыру деңгейін, ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін және білім беру мен басқару үдерістерін растайтын құжаттарды зерделеуге ерекше назар аударды.
Сапар қорытындысы бойынша Халықаралық білім беру корпорациясының басшылығымен қорытынды кездесу өтті. Академиялық адалдық лигасының өкілдері университеттің цифрландыру деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, басқару үдерістерінің жүйелілігін және академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты оң бағалады.