29.10.26

Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) Республика күніне арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті

2026 жылғы 29 қазанда халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) Республика күніне орай білім, ғылым, сәулет және құрылыс салаларындағы кәсіби жетістіктерді дәріптеуге арналған салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Марапаттау рәсімінде білім, ғылым, сәулет және құрылыс салаларының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін мамандар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қаныш Сәтбаев» медалімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Бұдан бөлек, «SAULE ARCHITECTURE AWARDS 2026» халықаралық сәулет сыйлығының «Үздік сәулет жарияланымы» және «Үздік дипломдық жоба» номинациялары бойынша марапаттар табысталды.

Корпорацияның дамуына қосқан үлесі мен кәсіби қызметтегі жетістіктері үшін бірқатар қызметкерге Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) ректоры Бахтияр Асылбайұлы Сабденалиевтің атынан алғыс хаттар табысталды.

Мерекелік бағдарлама аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының оркестрі өнер көрсетіп, іс-шараға ерекше салтанат пен мерекелік көңіл күй сыйлады.

Республика күніне арналған бұл іс-шара кәсіби еңбекті бағалаудың, ғылыми және шығармашылық жетістіктерді қолдаудың, сондай-ақ ұлттық бірлік пен отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеудің маңызды алаңына айналды.