2026 жылғы 22 қазанда Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама білім алушыларды, профессор-оқытушылар құрамы мен корпорация қызметкерлерін біріктіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, патриоттық рухты нығайтуға және еліміздің тарихи-мәдени мұрасына құрмет көрсетуге бағытталды.
Салтанатты іс-шара Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) ректоры Сабденалиев Бахтияр Асылбайұлының құттықтау сөзімен басталды. Ректор Республика күнінің мемлекет тарихындағы ерекше маңызын атап өтіп, студенттерді, оқытушылар мен қызметкерлерді ұлттық мерекемен құттықтады. Сонымен қатар ел бірлігін сақтау, ұлттық құндылықтарды құрметтеу және жас ұрпақтың білім мен кәсіби дамуға ұмтылуының маңыздылығына тоқталып, студенттерге, оқытушылар мен қызметкерлерге ізгі тілектерін білдірді.
Мерекелік бағдарлама аясында студенттер шығармашылық өнерлерін көрсетті. Домбырамен орындалған ұлттық әуендер қазақ халқының бай музыкалық мұрасын дәріптеп, іс-шараның мерекелік рухын айшықтай түсті. Сондай-ақ студент қыздың «Мен қазақпын» өлеңін мәнерлеп оқуы көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Бұл шығармашылық қойылымдар ұлттық мәдениеттің маңызын көрсетіп, жастардың туған елге деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін жеткізді.
Іс-шара студенттердің шығармашылық қабілеттерін танытуға, ұлттық дәстүрлерді насихаттауға және білім беру ортасында патриоттық құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар жастардың жан-жақты дамуына, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және ел тарихына деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) ұлттық мерекелерге арналған мәдени-ағартушылық іс-шараларды өткізу студенттердің рухани-адамгершілік тәрбиесін дамытуға және білім беру қауымдастығының бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады.