13 қазанда Халықаралық білім беру корпорациясының KazGASA Құрылыс мектебінің «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері «Имсталькон» АҚ-ның шақыруымен салынып жатқан ірімшік өндіру зауытының құрылыс алаңына танымдық сапар жасады. Аталған іс-шара студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруына, құрылыс өндірісінің нақты жағдайларымен танысуына және болашақ кәсіби қызметіне қажетті практикалық дағдыларын дамытуына бағытталды.
Сапар барысында студенттер құрылыс жұмыстарының негізгі кезеңдерімен, металл конструкцияларын монтаждау технологияларымен, құрылыс алаңындағы өндірістік үдерістерді ұйымдастыру ерекшеліктерімен және заманауи инженерлік шешімдердің қолданылуымен танысты. Сонымен қатар өндірістік нысанның құрылыс барысын бақылау болашақ мамандарға құрылыс технологияларының тәжірибеде қалай жүзеге асырылатынын, инженерлік жобалардың орындалу ерекшеліктерін және құрылыс жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Осындай тәжірибеге бағытталған іс-шаралар білім беру үдерісінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Олар студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға, сондай-ақ құрылыс саласының заманауи талаптарына бейімделуіне ықпал етеді. KazGASA білім мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуға ерекше мән береді және болашақ құрылыс инженерлерін сапалы даярлауға қосқан үлесі, ынтымақтастығы мен қолдауы үшін «Имсталькон» АҚ-на алғыс білдіреді.