«Жаңа Конституция: қоғам, білім және ғылым дамуының жаңа кезеңі» тақырыбында республикалық деңгейдегі дөңгелек үстел өтті. Ғылым және инновациялар департаменті ұйымдастырған бұл іс-шара Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қоғамның демократиялық дамуы, жоғары білім беру жүйесі мен ғылым саласын жаңғыртудағы рөлі мен маңызын талқылауға арналды. Дөңгелек үстелге ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары, корпорацияның профессор-оқытушылар құрамы және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараға Халықаралық білім беру корпорациясының ректоры Сабденалиев Бақтияр Асылбайұлы модераторлық етіп, жиынның ашылу сөзін сөйледі. Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының басшысы, қауымдастырылған профессор, PhD Төлен Жеңісбек Мұратбекұлы арнайы алғысөз сөйлеп, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Олар өз сөздерінде Ата заңдағы өзгерістердің қоғамдық сананы жаңғыртудағы және адами капиталды дамытудағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
Жиын барысында шақырылған сарапшылар мен ғалымдар өзекті тақырыптар аясында мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ақылбек Исабеков конституциялық реформаларды жүзеге асыру барысы мен Құрылтай институтына тарихи-құқықтық шолу жасаса, корпорацияның Дизайн мектебінің профессоры Құрманғазы Жеделов жаңа Конституцияның білім мен ғылымды дамытудағы негізгі тірек екенін тарқатып айтты. Сондай-ақ, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі Дидарбек Ділдәбек әділетті Қазақстанды құрудағы басты қозғаушы күштерге тоқталды. Бұдан бөлек, Инженерия мектебінің қауымдастырылған профессоры Нұрипа Бекалай білім берудегі өзгерістерді, Сәулет мектебінің қауымдастырылған профессоры Ержан Ахметов құрылыс саласындағы практикалық аспектілерді, ал Құрылыс мектебінің қауымдастырылған профессоры Ботакөз Нұралина жаңа ұрпақ жауапкершілігі тақырыптарын тереңінен қозғап, жиынның ғылыми көкжиегін кеңейте түсті.