22.05.26

ХБК-да ALCOR BIMDAY 2026 халықаралық конференциясы өтті

2026 жылғы 21–22 мамырда Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) базасында жобалау, құрылыс және өнеркәсіп салаларындағы заманауи цифрлық технологияларға арналған ALCOR BIMDAY 2026 салалық конференциясы өтті.

Іс-шара сарапшыларды, инженерлерді, жобалаушыларды, өнеркәсіп секторының өкілдерін, IT-компанияларды және академиялық қауымдастықты біріктіріп, саланың цифрлық трансформациясы бағытындағы кәсіби диалог пен тәжірибе алмасу алаңына айналды.

Конференция бағдарламасы өнеркәсіптік нысандарды цифрландыру, BIM-технологияларды енгізу, цифрлық егіздер, инженерлік деректерді басқару, энергетика және кәсіпорынның өмірлік циклін басқарудың заманауи тәсілдері мәселелеріне арналды.

ALCOR BIMDAY 2026 аясында халықаралық және өңірлік сарапшылардың баяндамалары, практикалық кейстердің таныстырылымдары және өнеркәсіп пен құрылыс саласында қолданылатын өзекті технологиялық шешімдер талқыланды. Қатысушылар цифрлық құралдардың даму үрдістері мен оларды өндірістік және жобалық процестерге енгізу перспективаларын қарастырды.

Сондай-ақ білім, ғылым және индустрия арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне, цифрлық экономика мен технологиялық трансформация жағдайында сұранысқа ие мамандарды даярлауға ерекше назар аударылды.

ALCOR BIMDAY 2026 конференциясының ХБК (KazGASA) алаңында өтуі университеттің практикаға бағытталған білім беруді дамытуға, кәсіби қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайтуға және заманауи технологиялық шешімдерді білім беру процесіне енгізуге ұмтылысын көрсетеді.