16.04.26

ХБК-да сейсмооқшаулау технологиялары бойынша халықаралық мастер-класс өтті

15-16 сәуір күндері Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) ғимараттардың сейсмикалық қорғаныс технологияларын әзірлеу саласындағы жетекші компаниялардың бірі — TIS Deprem Teknolojileri (Түркия) қатысуымен базалық сейсмооқшаулау (seismic base isolation) бойынша екі күндік халықаралық мастер-класс өтті.

Спикерлер ретінде халықаралық деңгейдегі жетекші сарапшылар мен индустрия өкілдері сөз сөйледі: TIS Deprem Teknolojileri компаниясы бас директорының орынбасарлары Dr. Sadun Tanışer және MSc. Demirhan Sever, сондай-ақ MEF University профессоры Bahadır Şadan және Yaşar University профессоры Cüneyt Tüzün.

TIS Deprem Teknolojileri инженерлік тұжырымдамадан бастап жобалау, өндіріс, сынақ, монтаж және техникалық сүйемелдеуге дейінгі толық цикл бойынша қызмет көрсетеді. Компания портфелінде жаңа және қолданыстағы нысандарға арналған заманауи шешімдер, соның ішінде сейсмооқшаулағыштар, демпферлер, құрылымдық тіректер және конструкциялардың жай-күйін бақылау жүйелері бар.

Мастер-класс аясында заманауи құрылыста сейсмооқшаулау технологияларын қолданудың негізгі аспектілерін қамтитын тәжірибеге бағытталған білім беру бағдарламасы жүзеге асырылды. Қатысушылар жұмыс сипаттамаларына негізделген жобалау (performance-based design) қағидаттарымен, сейсмооқшаулағыштардың түрлерімен және олардың халықаралық тәжірибедегі қолданылуымен танысты.

Сонымен қатар сәулеттік, конструктивтік және инженерлік шешімдерді ескере отырып, сейсмооқшаулау технологияларын енгізу кезеңдеріне, сейсмикалық қауіптілікті бағалау, акселерограммаларды таңдау және талдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сабақ барысында қорғасын-резеңке және маятниктік сейсмооқшаулағыштардың қасиеттері мен жобалау ерекшеліктері, сызықтық және сызықтық емес модельдеу әдістері, сондай-ақ сынақ және сертификаттау рәсімдері қарастырылды.

Бағдарламаның практикалық бөлігі нақты кейстерді талдау мен жобалық тапсырмаларды орындауды қамтыды.

Мастер-классқа инженерлер, жобалаушылар, сондай-ақ құрылыс, девелоперлік және өндірістік компаниялардың өкілдері қатысты.

Оқу қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға халықаралық мастер-класстан өткендігі туралы сертификаттар табысталды.

Аталған іс-шара ХБК (KazGASA) тарапынан тәжірибеге бағытталған білім беруді дамыту және халықаралық индустриялық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды.