2026 жылғы 5 наурызда Халықаралық білім корпорациясында (KazGASA) халықаралық инженерлік компания Tecnicas Reunidas S.A. өкілдерімен кездесу өтті.
Tecnicas Reunidas S.A. – 60 жылдан астам тәжірибесі бар халықаралық EPC-компания. Компания мұнай-газ және мұнай-химия өнеркәсібі, сутегі энергетикасы, декарбонизация және тұрақты энергетика салаларында әлемнің 60-тан астам елінде ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.
Кездесу барысында компания өкілдері Tecnicas Reunidas S.A. мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бірлесіп жүзеге асыратын «TRAiming the Future» халықаралық білім беру бағдарламасының тұсаукесерін өткізді. Бағдарлама инженерлік бағытта білім алып жатқан студенттерге арналған және кәсіби құзыреттерді дамытуға, халықаралық тәжірибе алуға және инженер мамандардың жаңа буынын даярлауға бағытталған.
TRAiming the Future — 6 айға арналған білім беру бағдарламасы. Бағдарлама онлайн оқытуды және Мадрид қаласында өтетін халықаралық тағылымдаманы қамтиды. Алты ай бойы қатысушыларға шәкіртақы төленеді, ал Мадридтегі тағылымдама кезеңі Tecnicas Reunidas S.A. компаниясының толық ұйымдастыруымен өтеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті дамытуға, студенттер үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге және университеттің халықаралық индустриялық қауымдастықпен байланысын нығайтуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.