2026 жылғы 24 ақпанда Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) «Жайлы орта» шағын сәулет нысандары (ШСН) дизайны бойынша байқаудың ресми ашылуы өтті. Аталған бастама KazGASA-ның 45 жылдығына арналған іс-шаралар аясында жүзеге асырылып, студенттердің жобалық мәдениетін дамытуға және академиялық білімді нақты өндіріс саласымен ықпалдастыруға бағытталған.
Байқауды Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) Дизайн мектебі ARCHITAS компаниясымен бірлесіп ұйымдастыруда. ARCHITAS — сәулеттік және дизайнерлік шағын сәулет нысандарын өндіруші компания.
«Жайлы орта» байқауы сәулеттік-дизайнерлік ойлауды дамытуға және заманауи, жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған. Қатысушыларға KazGASA тарихы мен құндылықтарынан шабыттанған қалалық жиһаздар мен арт-объектілер жобаларын әзірлеу ұсынылады. Ерекше назар эргономикаға, конструкциялардың тұрақтылығына, материалдардың ұзақ мерзімділігіне және мәдени контексті ескеруге аударылады.
Байқау аясында тіркеу, консультациялар мен шеберлік сабақтары, жобаларды әзірлеу, сараптамалық бағалау, жұмыстар көрмесі және жеңімпаздарды салтанатты марапаттау кезеңдері қарастырылған. Үздік жобалар 2026 жылдың тамыз айында іске асыруға ұсынылады.
Байқауды өткізу университет пен индустриялық серіктестер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, студенттердің тәжірибеге бағытталған дағдыларын дамытуға және болашақ сәулетшілер мен дизайнерлердің қатысуымен қалалық ортаға жаңа элементтер енгізуге ықпал етеді.