23.01.26

ХБК Лондонда өткен BETT Show 2026 халықаралық білім беру технологиялары көрмесіне қатысты

Халықаралық білім беру корпорациясы 2026 жылғы 21-23 қаңтар аралығында Лондон қаласындағы ExCeL London көрме орталығында өткен әлемдегі ең ірі білім беру технологиялары көрмелерінің бірі — British Education Training and Technology Show (BETT Show 2026) халықаралық көрмесіне қатысты.

Көрме аясында Қазақстанның ұлттық павильоны ұсынылып, отандық білім беру, ғылым және инновация салаларындағы жетістіктер таныстырылды. Экспозицияда еліміздің жетекші университеттерінің цифрландыру, жасанды интеллект, EdTech-шешімдер және тұрақты білім беру ортасын дамыту бағыттарындағы жобалары біріктірілді.

Көрме жұмысына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ елдің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен өкілдері қатысты. BETT Show жыл сайын 130 елден 30 000-нан астам қатысушыны — білім беру ұйымдарының басшыларын, педагогтерді, технология әзірлеушілерді, инвесторлар мен халықаралық ұйым өкілдерін біріктіріп, білім берудің болашағын қалыптастыратын жаһандық алаң болып табылады.

Қазақстан BETT Show көрмесінде өз жетістіктерін екінші рет ұсынып отыр. Алдыңғы жылы негізгі басымдық халықаралық тәжірибені зерделеу мен серіктестік байланыстар орнатуға бағытталса, 2026 жылы ұлттық павильон жоғары білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның нақты нәтижелері мен университеттік ортада технологиялық шешімдерді енгізу тәжірибесін көрсетті.

Қазақстанның көрмеге қатысуы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруды көрсетеді. Аталған Жолдауға сәйкес, 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған.

Ұлттық павильон құрамында Халықаралық білім беру корпорациясы өзіне қарасты білім беру ұйымдарының экожүйесін — Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын (KazGASA), Қазақстан-Америка университетін (KAU), сондай-ақ Charterhouse Almaty жаңа мектебін таныстырды. Экспозиция мектептен университетке дейінгі білім беру сабақтастығын және ХБК-ның заманауи білім беру ортасын дамытудағы жүйелі тәсілін айқын көрсетті.

Көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын ХБК әзірлемелері, атап айтқанда BRAUIC халықаралық консорциумы аясында ұсынылған инновациялық шешімдер тудырды. Олар корпорацияның тұрақты даму, цифрландыру және ғылым, білім мен технологияларды интеграциялау салаларындағы басымдықтарын көрсетеді. Атап айтқанда, сәулет мұрасын сақтау, зерттеу және өзектендіруге арналған цифрлық платформа таныстырылды. Бұл платформа цифрлық егіздер, объектілердің техникалық жағдайын мониторингтеу, 3D және AR-экспозициялар, сондай-ақ халықаралық ғылыми-білім беру өзара іс-қимыл құралдарын біріктіреді.

Ұсынылған шешімдер университеттерге, ғылыми-зерттеу институттарына, музейлерге, мәдени мұраны қорғау органдарына, қалалық әкімдіктерге және жобалау бюроларына бағытталған, бұл ХБК әзірлемелерінің қолданбалы және пәнаралық сипатын айқындайды.

Халықаралық білім беру корпорациясының BETT Show 2026 көрмесіне қатысуы қазақстандық білім беруді халықаралық деңгейде ілгерілетудегі, академиялық және технологиялық серіктестіктерді нығайтудағы, сондай-ақ отандық университеттердің жаһандық цифрлық трансформация жағдайындағы әлеуетін көрсетудегі маңызды қадам болды.