2025 жылғы 10-12 қыркүйек аралығында Францияның Нант қаласында Ландшафттық сәулетшілердің халықаралық федерациясы — IFLA ұйымдастырған Дүниежүзілік конгресс «Guiding Landscapes» ұранымен өтті. Бұл конгресс дәстүрлі түрде әлемнің түкпір-түкпірінен ландшафттық сәулет саласындағы мыңнан астам жетекші маманды біріктіреді.
Халықаралық форумның жұмысына Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) профессор-оқытушылар құрамы, «ГиОП» кафедрасының профессор-зерттеушісі, сәулет ғылымдарының докторы Козбагарова Н.Ж., сондай-ақ көрме алаңында диссертациялық зерттеу тақырыбы бойынша постер ұсынған докторант Срайл М.А. қатысты.
Конгресс бағдарламасына халықаралық сарапшылардың баяндамалары, тақырыптық пікірталастар, сондай-ақ ландшафттық сәулет саласындағы инновациялық бақ-саябақ жабдықтары мен заманауи кәсіби әдебиеттердің көрмесі енгізілді.
Конгресс аясында соңғы жылдары ауқымды қалалық трансформациядан өтіп, тұрақты қалалық даму саласында халықаралық деңгейде мойындалған Нант қаласының тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Негізгі мысалдардың бірі — ландшафттық урбанистика саласындағы эксперименттік бастама болып табылатын Plan Guide жобасы. Бұл жоба заманауи қала жоспарлау үдерісіндегі ландшафттық сәулеттің рөліне қатысты кәсіби пікірталастардың басталуына негіз болды. Францияда және Нант өңірінде еңбек еткен ландшафттық сәулетшілер конгресс сессиялары барысында өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Спикерлер қатарында қалалық экология мен қоғамдық кеңістіктердің сәулеттік-ландшафттық ұйымдастырылуының бастауында тұрған пионерлерден бастап, биоалуантүрлілік, климаттың өзгеруі және әлеуметтік трансформациялар саласындағы сарапшыларға дейінгі танымал практиктер мен ғалымдар болды. Іс-шара барысында әлемдік деңгейдегі спикерлердің бірі — «губка-қала» тұжырымдамасының авторы, қытайлық әйгілі ландшафттық сәулетші Концзянь Юймен кәсіби сұхбаттасу өтті. Кәсіби салаға қосқан елеулі үлесі үшін ол 2020 және 2023 жылдары Джеффри Джеллико және Оберлендер атындағы беделді халықаралық сыйлықтармен марапатталған.