26.11.25

ХБК-та инженерия мектебінің студенттеріне профессор Валдас Урбонавичюстің қонақ дәрістері өтті

2025 жылғы 25-26 қарашада Халықаралық білім беру корпорациясында (KazGASA) Литваның Kauno kolegija оқу орнының профессоры Валдас Урбонавичюс инженерия мектебінің студенттеріне арналған қонақ лекцияларын өткізді.

25 қараша күні профессор Урбонавичюс ашық деректерді пайдалану және заманауи ақпараттық өңдеу құралдары тақырыбында дәрістер жүргізді. Ол «ашық деректер» ұғымының түрлі кәсіби салаларда әртүрлі түсіндірілетінін атап өтіп, Литвада қолданылатын ашық деректер жүйелеріне және пилотсыз ұшу аппараттарынан алынған деректерді өңдеу бағдарламалық жасақтамасына ерекше назар аударды.

26 қараша күні дәрістер блогы геодезиядағы жаңа технологиялар мен мәдени мұраны сақтау мәселелеріне арналды. Профессор Струве Геодезиялық доғасына байланысты ірі халықаралық жобаларды таныстырып, бұл объектінің UNESCO Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілгеніне 2025 жылы 20 жыл толғанын атап өтті. Сондай-ақ мәдени мұра нысандарын картографиялауда фотограмметриялық модельдерді қолданудың заманауи әдістері қарастырылды.

Лекциялар студенттерге деректерді өңдеудің заманауи тәсілдерімен, инженерияда пилотсыз технологияларды қолданумен, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау саласында геоақпараттық және картографиялық технологияларды пайдаланумен жан-жақты танысуға мүмкіндік берді.