2025 жылғы 23 қазанда ХБК (KazGASA) қабырғасында қазақстандық білім беру мекемелерінің өкілдері мен Оңтүстік Корея Республикасының Seojeong University делегациясы арасында іскерлік кездесу өтті.
Іс-шараны Global Sapa Халықаралық академиясы ұйымдастырды және оны тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Интеллект Орда» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді интеграциялау халықаралық институтының директоры Саттар Фазылұлы Мәжитов жүргізді. Кездесуді Халықаралық білім беру корпорациясының ректоры Сабденалиев Бахтияр Асылбайұлы қарсы алу сөзімен ашты.
Кездесу барысында Seojeong University төрағасы Ким Хон Ён университеттің таныстырылымын жасап, оқу процесіне инновациялық тәсілдерді енгізу, жасанды интеллект, цифрлық дизайн, робототехника және болашақ инженериясы бағыттарындағы негізгі жобалар туралы айтты.
Кореялық делегация құрамында төраға Ким Хон Ён, президент Ян Ён Хи, Korean Council for College Education (KCCE) ұйымының вице-президенті Чо Хун — Оңтүстік Кореяның 131 колледжін біріктіретін ұлттық кеңестің өкілі, сондай-ақ Seojeong University профессорлары болды.
Кездесу соңында ХБК (KazGASA), Global Sapa Халықаралық академиясы және Seojeong University арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжатта академиялық ұтқырлық, тағылымдамалар, қос дипломды бағдарламалар және оқытушылардың біліктілігін арттыру курстарын іске қосу көзделген.
Сонымен қатар, тараптар Халықаралық білім беру корпорациясы мен Korean Council for College Education (KCCE) арасындағы серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады. Бұл ұйым Корея Республикасындағы колледждер мен кәсіби білім беру мекемелерінің дамуын үйлестіреді. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында ынтымақтастықты кеңейту, академиялық тәжірибе алмасу және инновациялық білім беру жобаларын бірлесіп жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл сапар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру саласындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтудың, сондай-ақ инновациялық және ғылыми бастамаларды дамытудың маңызды қадамы болды.