17.10.25

Fab Lab ХБК және Fab Lab Barcelona болашақ ынтымақтастық туралы талқылады

2025 жылдың 17 қазанында Халықаралық білім корпорациясы Бақылау кеңесі төрағасының халықаралық ынтымақтастық және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Мади Бердалыулы Алдабергенов Fab Lab Barcelona бас директоры Гильем Кампродонмен кездесті.

Сапар барысында Еуропадағы жетекші цифрлық өндіріс зертханаларының бірі — Fab Lab Barcelona зертханасына экскурсия ұйымдастырылды. Бұл зертхана MIT қамқорлығымен 2007 жылы құрылған және Каталонияның заманауи сәулет институты (IAAC) жанында жұмыс істейді. Ол зерттеу, білім беру және инженерлік қызметті біріктіреді.

Бүгінде Fab Lab Barcelona цифрлық өндіріс, тұрақты дизайн және болашақ сәулеті бағытында бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырады. Олардың ішінде әлемдегі ең үздіктердің қатарына кіретін халықаралық курстар — Master in Design for Emergent Futures (MDEF), Fab Academy BCN және Fab Learning Academy бар. Мұнда қайта өңделген материалдардан ғимараттарды 3D-басып шығару және жаңа биоматериал түрлерін зерттеу сияқты инновациялық жобалар жасалуда. Зертханада ағаш, пластик және металл өңдеуге арналған шеберханалар бар, сонымен қатар ол тұрақты технологиялар саласында жұмыс істейтін инженерлер, дизайнерлер мен кәсіпкерлердің кездесетін орталығы болып табылады.

Кездесу барысында Гильем Кампродон Fab Lab Barcelona халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және фаблабтар желісін білім мен инновациялар платформасы ретінде дамытуға бағытталған стратегиясын таныстырды.

Мади Алдабергенов Халықаралық білім корпорациясы құрылымында қазіргі уақытта үш фаблабтың — Fab Lab KazGASA, KazGASA мектебінің Fab Lab және KAU мектебінің Fab Lab зертханаларының сәтті жұмыс істеп тұрғанын және олардың барлығы белсенді дамып жатқанын атап өтті. Биыл Fab Lab KazGASA өз аумағын екі есеге жуық кеңейтіп, әлемдік Fab Lab қауымдастығына кірді.

Тараптар болашақ ынтымақтастықтың бағыттарын — бірлескен білім беру бағдарламаларынан бастап Алматыда салынатын Academic City кампусы базасында жаңа форматтағы фаблабтар әзірлеуге дейін талқылады.