2025 жылдың 24 қыркүйегінде Алматы қаласында Халықаралық білім беру корпорациясының (KazGASA) жаңа Студенттер үйінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара ХБК кампусының аумағында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен ұйымдастырылды.
Жаңа нысан көлемі 20 млрд теңгеден асатын ХБК-ның білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. 339 орынға арналған жатақхана студенттік тұрғын үйдің халықаралық стандарттарына сай жабдықталған, заманауи коворкинг-аймақтарды қамтиды және кампустың бірыңғай басқару жүйесіне интеграцияланған. Бұл жүйе қол жеткізуді бақылау мен басқаруды, сондай-ақ қауіпсіздік бойынша ситуациялық орталықты қамтиды.
Ресми ашылудан кейін ХБК Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Әмірланұлы Құсайынов әкімге корпорацияның қызметі жөнінде презентация жасап, негізгі жобалар мен ғылыми әзірлемелер көрсетілген зертханалық базаға экскурсия өткізді.
Сапар барысында Алматы әкімі ел үшін отандық кадрларды дайындаудың маңыздылығын атап өтті.
«Нарықта бәсекеге қабілетті түлектерді даярлау өте маңызды. Бүгінде біз жиі шетелдік мамандарға жүгінеміз. Қазақстандық мамандар іс жүзінде жоқтың қасы. Сондықтан қаламыздың игілігі үшін жобаларды осында жүзеге асыра алатын өз мамандарымызды тәрбиелеу қажет», — деп айтып өтті Дархан Сатыбалды.
Студенттердің тәжірибелік дайындығы үшін ХБК (KazGASA) базасында заманауи зерттеу алаңдары жұмыс істейді, олардың қатарында Samsung және JBL компанияларымен бірлескен жобалар бар. Бұл болашақ сәулетшілерге, инженерлер мен дизайнерлерге курстық және дипломдық жұмыстарын әлемдік деңгейдегі жабдықтарда орындауға мүмкіндік береді.
Университет кампусында FabLab (Fabrication Laboratory), қалалық зерттеулер зертханасы, сейсмикалық әсерлерді зерттеуге арналған бірегей сейсмоплатформа, ұшқышсыз ұшу аппараттары зертханасы, құрылыстағы геотехника зертханасы, сондай-ақ О.Ю. Пяк атындағы желдету және ауа баптау жөніндегі мамандандырылған зертхана жұмыс істейді.
Жаңа Студенттер үйінің ашылуы Алматы қаласының Бас жоспарында бекітілген Academic City жобасын іске асырудағы кезекті маңызды қадам болып табылады. Алдағы екі жыл ішінде кампус аумағында Қазақстандағы ең ірі білім беру кластері бой көтереді. Ол жаңа студенттік және оқытушылар жатақханаларын, коворкингтерді, ғылыми зертханаларды және әлеуметтік инфрақұрылымды қамтиды.